Талды селосында дүниеге келді. 1970-1977 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында домбыра аспабы бойынша бітірген. “ҚР Мәдениет қайраткері”, “Қазақстанның жас композиторлар” конкурсының үш дүркін лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, домбыраға арналған көптеген шығармалардың авторы. Еңбек жолын Жезқазған музыка училищесінде оқытушы болып бастады. Мұнда өзінің алғашқы музыкалық шығармаларын жазды. 1981 жылы Н.Тілендиев жетекшілік еткен “Отырар сазы” фольклорлық-этнографиялық ансмблінің құрамына шақырылып, қабылданды. 1990-1994 жылдары Алматы музыка училищесінде, қазір Астанадағы Қазақ ұлттық музыкалық академиясында ұлт аспаптар кафедрасының кафедра меңгерушісі. “Қазақстан композиторлар” одағының мүшесі.
Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияда 2011 жылдың желтоқсан айында, күйші әрі сазгер Ермұрат Үсеновтің кеші болып өтті. ҚР еңбегі сіңген қайраткер кешті Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 25 жылдығына арнады. Ермұратты замандастары Нұрғиса Тілендиевтің ізбасары деп біледі. Себебі, Жезқазған музыкалық колледжінде сабақ беріп жүрген жерінен Алматыдағы «Отырар сазы» оркестріне шақырған да Нұрғиса болатын. Содан бері сазгер халқына ән де арнады, күй де жазды. «Арулар, қош болыңдар!», «Бабаларға сыйыну», «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», «Дариға аққу», «Күзгі әуен» сынды әндерін жұрт сүйіп тыңдайды. «Ұран», «Ана», «Шыңырау – құс» күйлері болса – тыңдарманның қошеметіне бөленген туындылар. Ал сазсырнай, қыл қобызға, хорға арнап жазған шығармалары бір төбе.