1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған. Амангелді әуелі ауыл молдасынан 2 жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түсті. Медреседе 4 жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерді. Ел ішіндегі даушарға ерте араласып, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896–1911 жж бірнеше рет түрмеге қамалды.
Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтеріліс барысында айқын көрінді. 2–3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды және әскери ұйымдық жағынан нығайып, оған қатысушы сарбаздар қатары 50 мың адамға жетті. Амангелді Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің жарақты үлкен жасағына қарсы 1917 жылы ақпанның 21–23-індегі Құмкешу, Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Жазалаушылар Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті тұншықтыра алмады. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып ату жазасына кесілді.
Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды. Амангелдінің ерлікке толы ғұмыры көптеген ақын-жазушылардың, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болған.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басшылары