қалыптастырған Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен ТМД елдерінің ішінде ең тиімді жол болып саналғанын да әлем мойындайды. Бұл бағытта ең алдымен Америка мен Еуропада күрт белең алғанындай жұмсыссыздық деңгейін арттырмау Үкіметтің күн тәртібінен түспеді. Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарысқа «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, жұмыссыздық пен қымбатшылыққа тосқауыл болар тетік қосылды. Билік жұмыссыздар санын уақытша жұмыс орындарын құру арқылы шешіп, индустриялы жобаларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындарын шапшаңдатып ашуға бел буды. Қаржылық саясатты уыста ұстау үшін екінші деңгейлі банктерге көмек жасалды. Президент шұғыл шешім қабылдап, осы уақытқа дейін жеке дара қызмет істеп келген мемлекеттік екі холдингті біріктіріп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Бұндай шешімнің маңызы зор болатын. Өйткені, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қысқа мерзім ішінде әлсіреп қалған екінші деңгейдегі банктердің басқару пакеті акцияларын иемденіп, сыртқы қарыздарды қайта құрылымдаумен, ішкі «қайтарылмайтын несие» атты ауыр жүкті өз мойнына алумен тікелей айналысып, нәтижесінде жекеменшік қаржы жүйесіне айтарлықтай демеу жасай алды. Кейіннен «Самұрық-Қазынаның» банктерді қолдауы арқылы дағдарыс бастауында қаңтарылған құрылыстарға жан бітті.
2008 жылғы дағдарыстың екінші қуатты толқынымен күресте 10 млрд. доллар нақты бес бағытқа жұмсалды. Оның біріншісі - банк секторын тұрақтандыру. Екінші - үлескерлер мәселесі, құрылыс мәселесі. Үшінші бағыт - шағын және орта бизнес, бұл сала да зардап шекпеуге тиіс. Төртінші бағыт - ауыл шаруашылығы. Бұл салаға 360 млрд. теңге бөлінеді, бұл сала осыншама ақшаны ешқашан алып көрген емес еді. Бесінші бағыт - индустриялық бағдарламаны жалғастыру. Бұл іске де 1 млрд. доллар бөлінді. Ақыры аяғында осындай сәтті қадамдардың нәтижесі де жемісті бола бастады. Бұдан барып дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер ізденуге, сөйтіп әлемді шайқаған құбылыстан жаңғырып шығуға бел байладық. Осындай тиянақты ұстаным арқасында дағдарыстың бетін қайтарып, «Жол картасы» атты тәжірибелер уақытшадан ұзақ мерзімге қарай ойыса бастады. Сөйтіп, тұтастай алғанда жаһандық қаржы қыспағына түскенімен Қазақстан үшін 2008 жыл өте сәтті болды. Осы жылы бұдан бір жыл бұрын шатқаяқтаған қаржы жүйесі де өзінің орнықтала бастағанын аңғартты. Мәселен, 2007 жылдың тамыз айынан бастап қаржы дағдарысының алғашқы толқыны басталған болса, соған қарамастан, Қазақстанға бұрын-соңды болмаған инвестиция тартылды. 2008 жылы банктердің сыртқы активтері 1,6 млрд. доллардан асты. Ал олардың сыртқы қарыздары 6,9 млрд. долларға қысқарды.
2008 жылы - Қазақстан жаһандық дағдарыстың екінші қуатты толқынын сәтті еңсерді