империясының өзара бақталастықтарының нәтижесiнде әлсiреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келедi. Қазақ хандығы — сөзсiз кешегi ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндардың, ежелгi түркiлердiң, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлерi болып саналады.
Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж.) 250 жылдай тәуелсiз ел болып, дербес өмiр сүрдi. Бiрнеше ауыр қасiреттердi, жойқын соғыстарды басынан кешiрiп, тiптi жер бетiнен жойылып кете жаздады.
Қазақ жерiнiң байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келiсiм-шарт жасасып, қытай — жоңғарларды, ал Ресей — қалмақтарды бiзге қарсы айдап салды.
Осындай саяси оқиғалар қазақ халқының әлеуметтiк-экономикалық дамуын тежедi. Көне ғасырлардан берi қалыптасып келе жатқан ғылым мен бiлiмнiң, тарих пен мәдениеттiң одан әрi дамуына қажеттi жағдайлар туғыза алмады.
Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар, батырлар мен ақындар: Жәнiбек, Керей, Асанқайғы, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қасым, Есiм, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Қазтуған, Ақтанбердi, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әбiлқайыр, Абылай, Бұқар, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Сырым т.б. көптеген адамдар болды (37). Аузы дуалы ақылгөй жыраулар мен шешен билер жалпы жұртқа өнегелi сөздерiмен, өлең-жыр толғауларымен зор ықпал етiп, халықты ел болуға, берекелi бiрлiкке шақырып, қоғамдық өмiр сахнасына шыға бастады.
Қазақ жырауларының толғау тебiренiстерi, билердiң шешендiк- қанатты сөздерi өзiнiң тәлiмдiк шарапаты жағынан ғана емес, сонымен бiрге рухани, эстетикалық, отаншылдық мәнi жағынан да аса маңызды болды. Жыраулар жауынгерлiк заманда хандар мен бектердiң, қолбасшы батырлардың ақылгөй кеңесшiсi болып, жорыққа бiрге аттанды, ру-тайпаларына басшылық еттi, сұрапыл қанды майдан көрiнiстерiн жырға қосты, ерлiктi мадақтады, шейiт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлiстi.
XV-XVII ғасырларда өмiр сүрген қазақ ақын-жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрiн, ой-арманы мен тiлек мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткенi, жыраулар толғауларынан халықтың небiр нәзiк сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш-сүйiнiшi, келер ұрпаққа айтар өнегелi өсиетi өзектi орын алған. Яғни, олар халықтың тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұлағатты ұстаздарының рөлiн атқарды.
. Халықтық осы қағидалар шын мәнiсiнде жас ұрпақ түгiлi, ересек адамдарға да үлкен әсерiн тигiздi, ұлттың сана-сезiмiн оятты, тәлiмдiк-тәрбиелiк, танымдық мектебiне айналды. Жалпы ХV-ХIХ ғ.ғ. акын жыраулар поэзиясын сөз еткенде олардың халық үшiн еткен еңбегiне, ой қиял өрiстеу өресiне, қимыл, әрекет-iсiне қарай үш топқа бөлiп: жауынгер жыраулар:(Доспанбет, Жиенбет, Ақтамбердi, Махамбеттер); мәмiлегер (Асанқайғы, Сыпыра жырау, Үмбетей, Бұқар); тәлiмгер (Шал, Базар, Майлықожа) жыраулар деп шартты түрде жiктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелi iсiмен де халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.